Біздің Жезқазған қалалық білім бөлімі, №14 «Балдырған» бөбекжайында желтоқсан айында ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ бағдарламасы бойынша, қалалық бөбекжай әдіскерлерінің арасында тәжірибе – алмасу семинары болды.
Семинарды ұйымдастырушы қалалық білім бөлімінің әдіскері: Қуанышбекова Шарбан Абылкасымовна жүргізді.
«Бала ауру, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден;
бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі;
бала сұлулықтан ләззәт ала білмейтін мылқау жанды болса,
бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы.»
М.Жұмабаев.
Қазіргі таңда барлық әлем жұртшылығының назарын аударып отырған мәселе балалардың жеке сұраныстары мен ерекшеліктеріне ортаның, отбасының қатысуымен білім беру мен тәрбие үрдісіне толық қосуды қарастыратын инклюзивті білім беру. Осы жаһандық мәселеге әлем ғалымдары мынандай анықтама береді: инклюзивті білім беру дегеніміз-барлық балаларды соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі балаларды жалпы білім үрдісіне тодық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге, жынысына, шығу тегіне, дініне, жағдайына қарамай, балаларды айыратын кедергілерді жоюға, ата-аналарын белсенділікке шақыруға, баланың түзеу-педагогикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына арнайы қолдау, яғни, жалпы білім беру сапасы сақталған тиімді оқытуға бағытталған мемлекеттік саясат. Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады. Бала құқығы: 1.Өмір сүру; 2.Денсаулық сақтау; 3.Демалуға; 4.Білім алуға: 5.Жеке меншік құқығы; 6.Жеке бас бостандығы; 7.Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмау құқығы; 8.Отбасында өмір сүру; 9.Әлеуметтік қорғалуға құқығы.
Бөбекжай әдіскері: Кисибаева Светлана Құндызбайқызы